Кәсіпкердің үстінен негізсіз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

859

Бизнесмен бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Кәсіпкердің үстінен негізсіз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

"Алмапыс" ЖШС басшысына қатысты негізсіз қозғалған қылмыстық іс тоқталды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ол "Алпамыс" балабақшасының басшысы өзінен көмек сұрағанын жеткізді.

"Компания басшысы мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде бөлінетін бюджет қаражатын жымқыру, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап ету фактісі негізінде қылмыстық процеске тарту бойынша мемлекеттік органның іс-әрекетіне шағымданды", – деп жазды Рүстем Жүрсінов Facebook-те.

Уәкілдің айтуынша, 2021 жылғы 11 қарашада сотқа дейінгі тергеу мемлекеттік аудитордың қорытындысы негізінде тергеуші А. Асамбаевтың баянаты (рапорт) бойынша басталған.

"Тергеуші (кәсіпкер – автор) бюджет заңнамасын бұзды және 3 млн 212 мың 944 теңгені 2019-2021 жылдары негізсіз жұмсады деп көрсеткен. Алайда 3,2 млн теңгеге қатысты аудиторлық қорытынды ата-аналардың айғақтарына негізделген, яғни тергеу органы "Алпамыс" балабақшасының ғимаратына тінту жүргізбеген, тек ата-аналардың "орталықтың құжаты жоқ деген сөзіне сенген", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

ЖШС басшысы тергеуге маңызды құжаттарды ұсынған. 

"Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының қызметкерлері тиісті жазбаша сұрау салулармен Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына бірнеше рет көмек сұрағаннан кейін ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық қудалау қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бюджет қаражатын жымқыру дерегі расталған жоқ", – деді Рүстем Жүрсінов.

Осылайша, кәсіпкерге қатысты негізсіз қозғалған тағы бір қылмыстық іс тоқтатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу