Кәсіпкерлер аналарға көмек үшін құрылатын қорға 30 миллион теңгеге жуық қаржы аудармақ

802

Ал Алматы қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Әділханов өз қалтасынан 7 миллион теңге аударды.

Кәсіпкерлер аналарға көмек үшін құрылатын қорға 30 миллион теңгеге жуық қаржы аудармақ

Алматыда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдаудың жол картасы жасалады. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж жандарға көмек қолын созатын "Бақытты отбасы" жобасы жүзеге аспақ. Игі бастаманы қос қолдап қолдаған кәсіпкерлер орталық құрылмай жатып, оған қомақты қаражат аударды, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Нұр Отан" партиясының кезектен тыс 23-ші сессиясын қала әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы отбасыларды қолдап, мәселелерін шешуден бастады. Алматы әкімі 4 ақпан күні елордада болған қайғылы оқиғаны еске алып, өрт қауіпсіздігіне аса мән беруді тапсырды. Сөзінше, төтеншеліктер 145 мыңнан астам жеке үйді тексеріп, ысты бірден анықтайтын 140-қа жуық құрылғыны орнатқан.

Ал қаладағы 650 көпбалалы ана қабырғаны қайыстырған бес қыздың өлімінен кейін әкімдікке түрлі ұсыныстарын арқалап келіп, билік басындағылармен кездескен.

"Көпбалалы аналарға арналған арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын құру туралы өтініштер де айтылды. Психологиялық қолдау көрсету, заң кеңестері, дәрігерлік көмек, компьютерлік курстары, жұмысқа орналастыру осындай қызметтер олардың мәселелерін алдын ала шеше алатын еді. Сондай-ақ, Алматы қаласы деңгейінде тұрғын үй және басқа да көмек түрлерін көрсету ұсыныстары айтылды. Мұқтаж отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету және атаулы әлеуметтік көмек алу рәсімдерін жеңілдету үшін кешенді шешімдер пысықталатын болады. Бұл шаралар бюджеттің мүмкіншілігін ескере отырып, кезең-кезеңмен іске асыралатынын айта кету керек", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Аналардың айтқан ұсыныстарын ескерген Алматы қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Әділханов ашық қор құруды ұсынып, оған өз қалтасынан 7 миллион теңге аударды. Оның сөзін қолдаған басқа да кәсіпкерлер әлі құрылмаған қорға бар-жоғы 5 минуттың ішінде 30 миллион теңгеге жуық қаржы бөлетін болды.

"Ана мен бала махаббаты дегенде әрбір адам шет қалмайтын шығар. Сондықтан өзімнің жеке дара ұсынысым, ашық қор ашылса деймін. Екіншіден, сол қорға өз тарапымнан мен, Әділханов атындағы қор арнайы 7 миллион теңге ақша бөлемін", – деді "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі Мұрат Әділханов.

Ал ашық қор құру туралы ұсынысты қала әкімі Бауыржан Байбек бірауыздан қолдап, қор ғана емес, орталық құруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу