Кәсіпкерлер балалар лагерьлерін биыл уақтылы ашуды сұрап отыр

979

Бизнес өкілдері мектеп жасындағы балаларға арналған қала сыртындағы, жазғы, сауықтыру лагерьлерін уақтылы ашуды сұрайды. Осы өтінішімен кәсіпкерлер "Ақ жол" партиясына жүгінген. "Ақ жол" болса, бұл өтінішті енді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа бағыттады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кәсіпкерлер балалар лагерьлерін биыл уақтылы ашуды сұрап отыр

"Жергілікті білім беру және денсаулық сақтау органдарына жіберілетін сұрақтар, көбінесе, жауапсыз қалады. Ал балалардың жазғы демалысына дейін бір аптадан аз уақыт қалды", - дейді бүгінгі Мәжіліс отырысында депутаттық сауалды оқыған Мақсат Раманқұлов.

Оның айтуынша, 2020 жылы елімізде сауықтыру науқаны коронавирус пандемиясының салдарынан бірнеше рет кейінге қалдырылған. Ақыры лагерьлер сол қалпы ашылмай қалған.

"Экономиканың осы секторындағы шағын және орта бизнес өздеріне бөлінген қысқа мерзімде балалардың қала сыртындағы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлардың туындауын екінші жыл қатарынан шыдамдылықпен күтуде. Ашылу күнінің белгісіз болуы осы саладағы кәсіпорындардың негізсіз шығындарына алып келеді. Балаларға арналған лагерьлердің ашылуын күткен кезде инфрақұрылымның қажетті профилактикалық жай-күйін үнемі ұстап тұруға, уақытша персоналға жалақы төлеуге, коммуналдық шығындарды көтеруге мәжбүр болады", - дейді ол.

Балаларға арналған лагерьлердің мемлекет тарапынан дотациялары жоқ екенін де ескеру қажет. Маусым мен қыркүйек аралығындағы үш ай жұмыс істеу үшін ғана олар кешендерін жыл бойы өздері күтіп-ұстайды. 

"Мысалы, Ресейде биыл балаларға арналған 545 лагерь ашылады. Онда үкіметтік деңгейде балалар туризмін қолдау жөніндегі бағдарламалар әзірленген. Мәселен, балаларға арналған туристік кэшбэк бағдарламасы іске қосылды. Онда ата-аналар балаларға арналған лагерьлерге жолдамаларды бүкіл ел бойынша сатып ала алып, бес күн ішінде жолдама құнының 50% ақшалай қаражатын автоматты түрде төлем картасына қайтара алады. Бұл сайып келгенде, жолдамаларға деген сұранысты арттырып, демалыс орындарын балалар контингентімен толтырады. Ал біздің бұл сегменттегі саламыз қараусыз қалды десе болады", - дейді депутат.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу