Кәсіпкерлер білім бөлімінің іс-әрекетіне наразы

309

Қостанай қаласында кәсіпкерлер білім бөлімінің іс-әрекетін заңсыз деп санап, прокуратураға шағымданды.

Кәсіпкерлер білім бөлімінің іс-әрекетіне наразы Фото: Inbusiness.kz

Білім беру ұйымдарын тамақпен қамтитын кәсіпкерлердің келісімшартын салалық бөлім басшылығы небәрі 2 айға ұзартқан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. Талапқа сәйкес кәсіпкерлердің келісімшартты 2 жылға ұзартуға құқығы бар еді. Қалалық білім бөлімі басшылығы неліктен мұндай қатал шешім шығарды? Бұл қаншалықты заңды, анықтап көрдік.

Қостанай қаласындағы мектеп пен бала-бақшалардағы асханаларды тамақпен қамтумен 10 шақты кәсіпорын айналысады. Солардың білім бөлімімен жасаған келісім-шарттарының мерзімі 31-ші желтоқсанда аяқталды. Заң бойынша бұл келісімді 2 жылға дейін создыруға болады. Бірақ, білім басшылығы оларға мұндай мүмкіндік бермеген. 

"Желтоқсан айында санэпидемологтар мен прокуратура бірігіп тексеріс жүргізіп, ішек таяқшаларын тапты. Сондықтан біз жеткізіп берушілермен келісім-шарттарды 2 айға  ғана ұзартып, мемлекеттік байқау жариялауды ұйғардық. Сыбайлас жемқорлық туралы заңның талабын бұзбау үшін осындай қадам жасадық", - дейді Қалалық білім бөлімінің өкілі Назгүл Дүйсекбаева.

Алайда,  прокуратура асханаларды тексергенмен олар әлі күнге ешқандай қорытынды жасамаған. Яғни, заң бұзушылық болды деуге негіз жоқ.

"Біз жүргізген кешенді тексеріс 18-қаңтарда аяқталды. Алайда, біз әлі қадағалау актісін жариялаған жоқпыз. Сондықтан бұл тексеріске орай мемлекеттік байқау жариялау  негізсіз. Қазір осы мемлекеттік байқауды жариялау заңдылығы туралы сараптама жүргіземіз. Біздің ойымызша келісім-шарттарды ұзарту керек", - дейді Қалалық прокуратураның бөлім бастығы Ерлан Гутов.

Бір қызығы, білім бөлімі мемлекеттік байқау жариялау үшін оқу ағарту министрлігінің 598-ережесіне сүйендік дейді. Алайда, министрліктің өзі Қостанайлық білім бөлімінің бұл әрекетіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Мұның арты сотқа ұласып, тамақ сапасы түсіп кетеді деп ескерткен.

"Білім министрлігі өз ұстанымын жазбаша да, ауызша да білдірді. Тағы не қажет? Енді бір құдай келіп, түсіндіруі тиіс пе? Бұл шын мәнінде шектен шыққандық! Бұл жай ғана кәсіпкерлікке қойған кедергі емес. Тосқауыл қою дер едім", - дейді Республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі Марина Лаптева.

Республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы прокуратурға шағым жазған. Бұл дауға құзырлы орган нүкте қоюы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу