Қазір кәсіпкерлер субсидия немесе қандай да бір құжаттарды рәсімдеу үшін баяғыдай қағаз тасымалына жүгінеді. Бес-алты жыл артқа кеттік деген павлодарлық фермерлер, бұрынғы жүйені қайтаруды сұрайды. Ал, сала мамандары сандық сервистің жаңа үлгісі жасалып жатқанын айтуда
Бұған дейін елдегі бизнес өкілдері түрлі мемлекеттік субсидияға өтінім беру үшін, "Qoldau" веб-порталын пайдаланатын. Цифрлық платформаның тиімділігі кәсіпкерлерді қағазбастылықтан арылтты. Әйтсе де, сервистік қызмет көрсетуші "Ақпараттық есептеу орталығы" жаңа жылдан бастап деректер қорына портал арқылы қол жеткізу тоқтатылғанын хабарлаған.
"Бұл деген 5-6 жылға артқа шегіну ғой. Өзіңіз қараңызшы біз қазір жанар-жағармайға өтінім беру үшін баяғыша қағаз толтыратын болдық. Бүгінде сервистің басқа үлгісін жасап жатыр дейді. Бірақ, ол біздің көңілімізден шықпайды, әлі жетілмеген шикі", дейді Фермер Дәулет Бәкішев.
Деректер базасына "Qoldau" веб-порталы арқылы қолжетімділік ақылы болған. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі цифрлық платформаның тегін үлгісін жасауда. Яғни, енді "Qoldau"-дың орнына бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе енгізіледі.
Көктемгі егіс жұмыстары басталғанша жаңа бағдарлама енгізілмей қала ма деп қауіптенеді, фермерлер. Ал, үлгермесе қағазбастылыққа қайта оралуға тура келеді. Сол себепті бизнес өкілдері, балама ретінде бұған дейін пайдаланып келген ақылы сервис те сақталу керек деген пікірде.