Кәсіпкерлер медициналық жабдықпен жарақтандырудың интерактивті картасын ұсынды

575

Емханалар мен ауруханаларды медициналық жабдықпен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz "Атамекен" ҰКП сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлер медициналық жабдықпен жарақтандырудың интерактивті картасын ұсынды

"Бұл мәселені 2020 жылы көтеріп, медициналық техниканың бар-жоғына түгендеу жүргізу және оның негізінде нормативтерді қайта қарау қажеттігін айтқан едік, өйткені техниканың кейбір түрі бойынша артық талаптар бар. Бұдан бөлек, кәдеге аспай, жертөлелерде шаң басқан аппараттар баршылық. Бұған сервистік қызмет көрсету мәселесін қосыңыз", – деді "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева медициналық жабдықпен қамту мәселесіне қатысты жиналыста.

ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев бизнестің ұсыныстарын қарап, нормативтерді талқылап, осыған байланысты "Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарын бекіту туралы" денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы бұйрығына өзгерістер енгізуді талқылауға дайын екенін білдірді.

Жиналыста кәсіпкерлер медициналық жабдықпен жарақтандырудың интерактив картасын ұсынды. Онда облыс бойынша техниканың нормативі, жарақтандыру және тозуы, белгілі бір медициналық ұйымда жабдықтың бар-жоғы көрсетіледі. Карта медициналық техниканы басқарудың ақпараттық жүйесі (МТБЖ) негізінде жасалады. Бұл жүйені тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қызметтерді орындайтын мемлекеттік және жекеменшік өнім берушілер пайдаланады.

"Осы атқарылған жұмыс үшін алғыс айтқымыз келеді, өйткені цифрландыру статистикадан басталуы керек. Бізге форманы толтырып, жабдық статусы, жүктемесі, яғни аппаратпен қанша адам жұмыс істеп жатыр, қанша процедура көрсетіп жатқанын қарау керек. Мәселен, ауруханалардың бірінде бір ғана таразыны көрдім, ал салмақ өлшеу стационардағы пациенттердің 80%-ына қажет процедура. Өйткені қажет дәрі-дәрмекті дене салмағын өлшеп барып тағайындайды", – деп атап өтті "Салауатты Астана" ЖШС бақылау кеңесінің төрайымы Лейла Ишбаева.

Сонымен қатар, медициналық қауымдастық өкілдері жүйедегі жабдықты: медтехника, мүкәммал, жиғаз деп санаттарға бөлу қажеттігін ұсынды.

 иынды қорытындылай келе, Юлия Якупбаева кәсіпкерлер интерактив картаның бөлімдерін толықтыруға ұсыныстар дайындайтынын айтты.

"Тәжірибеде қолдану, басқаруға қатысты шешімдер қабылдау және медициналық техникамен жабдықтау стандарттарын әзірлеу үшін медициналық техниканы басқарудың ақпараттық жүйесін пысықтау қажет. Оған жабдықтың жүктемесі, жабдықтың пайдасыз тұру пайызын, сервистік қызмет көрсету бойынша көрсеткіштерді қосу керек. Жүйенің басқа да ақпараттық жүйелермен (Медициналық ақпараттық жүйе және т.б.) интеграциялану әлеуетін қарау қажет. Осындай тереңдетілген талдау жүргізілсе, қандай жабдық нақты керегін, бюджет қаражатын қайда жұмсау тиімді болатынын түсінеміз. Бұдан бөлек нормативті емхананың деңгейі: ол республикалық немесе өңірлік емхана ма, техникамен жұмыс істей алатын мамандардың бар-жоғын есепке алып барып, өзгерту керек", – деді Юлия Якупбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу