Кәсіпкерлер палатасы қазалылық кәсіпкердің құқығын қорғады

4768

Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына құқығын қорғауды сұраған 135 өтініш түсіп, олардың 53-і оң шешімін тапты.

Кәсіпкерлер палатасы қазалылық кәсіпкердің құқығын қорғады

Қазалылық Жанерке Төлебаева үш жыл бұрын үйінің жанынан дүкен ашып қолда бар ресурсымен саудаға шығады. Алайда жас кәсіпкердің алдында тұрғын үйге арналған жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыру қажеттілігі туралы ескерткен ешкім болмапты.

Өткен жылдың шілде айында Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы Жанерке Төлебаеваның кәсіпкерлік нысанын тексереді. Тексеріс нәтижесі бойынша 600 шаршы метр жердің нысаналы мақсаты талапқа сай келмейді деп, 3 ай мерзімде заң бұзушылықты жою туралы нұсқама береді. Жас кәсіпкер құжаттарын реттеуге дереу кіріседі. Ол 5 шілде күні "Азаматтарға арналған Үкімет" АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Қазалы аудандық бөліміне құжаттарын тапсырады. Алайда құжат аталмыш бөлімде 3 айдан астам уақыт қараусыз жатып қалады. Себеп-салдары да белгісіз.

"Нұсқаманы уақытында орындамадың" деген, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы кәсіпкерді әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша бірінші Қазалы аудандық сотына береді. Аудандық сот кәсіпкердің құжаттары Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Қазалы аудандық бөлімінің уақытылы қызмет көрсетпеу салдарынан кешігіп, 2019 жылдың 4 қарашасында дайын болғандығын, оған Жанерке Төлебаеваның кінәлі емес екендігін негізге ала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты істі қарауды тоқтатады.

Бақылау басқармасы аудандық соттың шешіміне қанағаттанбай талап арызын облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына береді. Арызда кәсіпкердің жер телімін мәжбүрлеп алып қоюды сұрайды. Білікті заңгердің көмегі қажет екеніне көзі жеткен Жанерке облыстық кәсіпкерлер палатасынан құқығын қорғауды сұрап, өтініш білдіреді.

Кәсіпкердің құжаттарымен мұқият танысқан Палата заңгері Аида Қаюпова сотта кәсіпкер тарапынан заң бұзушылықтардың жойылғандығын айтып, жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертілгендігін дәлелдейтін құжаттарды көрсетеді. Ал кешіктірілу себебін тиісті мекеме қызметкерінің кінәсінен созбалаңға салынғандығынан, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды. Нәтижесінде облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бақытбек Елшібеков кәсіпкердің жерін алып қою туралы талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарады. Осылайша бірнеше айға созылған сот процесіне нүкте қойылады.

"Аталмыш іс елімізде енгізілген төтенше жағдаймен сәйкес келуіне орай, кәсіпкердің Қазалы ауданынан келуге мүмкіндігі болмағандықтан бірнеше рет кейінге қалдырылды. Сәуір айында жағдай біршама тұрақтанғаннан кейін қайта қаралып, кәсіпкердің пайдасына оң шешілді. Жалпы Кәсіпкерлер палатасының мамандары төтенше жағдайда да, қазіргі карантин режимінде де кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін үзіліссіз жұмыс жасауда. Алғашында дистанционды режимде жұмыс жасадық, қазір офлайн қызмет көрсетудеміз. Наурыз айынан бері Палатаға құқығын қорғауды сұраған 80 арыз түсті. Әр іс бойынша жұмыс жасалуда", – дейді Салават Құлмахан.

Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына құқығын қорғауды сұраған 135 өтініш түсіп, олардың 53-і оң шешімін тапты.   

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу