Кәсіпкерлерді қандай сұрақтар алаңдататыны белгілі болды

163

Ақмола облысындағы шаруа қожалығының иесі өзінің мәселесін айтты.  

Кәсіпкерлерді қандай сұрақтар алаңдататыны белгілі болды Фото: Forbes.kz

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті алдын ала съезінде кәсіпкерлерді толғандырып жүрген мәселелер көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданында 2 млрд теңгеден астам қаражат салу арқылы бизнес құрған едім. Қазіргі таңда бізде 400 бастан астам сүт бағытындағы мал шаруашылығы бар. Жер кодексіндегі 48-бапқа (ред. –  Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта алу) сәйкес жер берудің бірнеше әдістері айқындалған. Тиісті бапта 21 тармақша бар. "Басқа да жағдайлар" деген норма қай уақытта қолданылады? Соттың әділетсіз шешімі шықты. "Біз 48-бапты қарастыра алмаймыз" дейді. 48-баптағы "басқа да жағдайларды қоспағанда" деген норманы қай уақытта қолдануға болады? (...) Неге біз жұмыс істеп тұрған шаруалардың жерін тартып аламыз", – деп сұрады "Ақкөл агро" компаниясының директоры Мәди Есқараев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдын ала съезіндегі сұрақ-жауап бөлімінде.

Кәсіпкердің айтуынша, 2023 жылы Ақмола облысына қарасты жер ресурстарын басқару департаменті шаруа қожалығының үстінен шағым түсірген.

"Біздің шаруа қожалықта 25 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі жұмыссыз қалуы мүмкін. Біз Домбыралы ауылының адамдарын жұмысқа тартқан болатынбыз. Сүтті өндіріп, оны Астанаға жібереміз",  – деді спикер.

"Ақкөл агро" серіктестігі басшысының сөзінше, кәсіпкерлік сотта жеңілген.

"Жер ресурстарын басқару департаментінің түсірген шағымына келсек, әкімдік пен біздің шаруа қожалығы жасаған келісімшартты заңсыз деп табайық дейді. Аппеляцияда ол қалай заңсыз болады деп айттым. Құжатта әкімдіктің шешімі, жер комиссиясының хаттамасы, мәслихаттың шешімі, аумақты дамыту жоспары бар. Өндіріс тоқтаған жоқ, биыл аудандық әкімдіктің көмегі болды. Заңды түрде жерімізді тартып алып қойған. Бірақ олар "биыл сіздерге қараса тұрайық" деді. Биылға көмек берді, келесі жылы не болатыны белгісіз", – деді кәсіпкер.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі кәсіпкердің сауалына қатысты пікір білдірді.

"Істеп тұрған кәсіпкердің жерін алып қойып, бар жұмыс орындарын, өндірісті жауып тастауға біз келіспейміз. Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы қайтадан біз тыңдаймыз, қарастырамыз. Мен одан кейін өзгерістер болады деп ойлаймын. Бірақ біздің Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы – жұмыс істеп жатқан шаруалар әрі қарай да жұмысын жалғастыруы қажет", – деді ведомство өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу