Астанада мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдерін сатқаны үшін кәсіпкерлерге 3 631 550 теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды elorda.info Астана қаласының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап.
Астана қаласының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің 2018 жылдың 6 айының қорытындысын шығарды. Осы аралықта 66 сауда нысанынан 1623 өнімнің сынамасы алынды. Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеудің нәтижесі бойынша өнімдердің 366 (23%) ЕЭО талаптарына сай келмейтіні анықталды. Оның ішінде 204 сынама маркировкамен, 81 сынама тұтынушыны алдау, 54 сынама микробиологиялық көрсеткішпен және 30 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштермен байланысты.
Өнімдердегі ең көп сәйкессіздік кондитерлік өнімдерден анықталды: 167 тексеру сынамасының 69-ы талапқа сай болмаса, 39-ында дайындалған күні мен сақтау шарттары көрсетілмеген болып шықты.
"Департамент жүргізген зерханалық зерттеудің нәтижесінде 32 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 40 ескерту беріліп, 54 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық сипаттағы бұзушылықтар үшін 27 айыппұл салынып, азық-түліктің қауіпсіздігін растайтын құжат болмағандықтан іс мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды", - делінген департаменттің хабарламасында.
Сот берілген ескертуді орындамаған екі нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы үкім шығарды.
"Сот шешімімен 3 631 550 теңгеге айыппұл салынып, дүкен сөрелерінен 974 келі өнім жеткізушілерге қайратылды. Осы орайда, қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті тұтынушыларды азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады", - деді ведомтсвода.