Кәсіпкерлерге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

1539

Кәсіпкерлерге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Ақтөбе қаласында зергерлік бұйым сататындардың пәтеріне шабуыл жасаған үш күдікті ұсталды. Шабуыл жасаушылар кәсіппен айналысқан ресейлік азаматтарды тапаншамен қорқытып, ақша мен бағалы заттар сақталған сейфті талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бетперде киіп, қаруланған үш адам екінші қабатқа балкон арқылы кіріп, кейін пәтер ішіндегі үш кәсіпкерді қорқытқан. Біреуі Қазақстан, екеуі Ресей азаматы. Шабуыл жасағандар оларды тапаншамен қорқытып, ақша мен бағалы заттарға толы сейфті тауып беруді сұраған.

"Ақтөбе қаласының Ішкі істер басқармасы мен облыстық ІІД криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Күдіктілер полицияға оқ атып, қарсылық көрсетті. Шабуыл жасағандарды ұстау операциясы кезінде жараланғандар мен қаза болғандар тіркелген жоқ. Нәтижесінде Ақтөбе қаласының үш азаматы ұсталды. Олар ұрлық, тонау, қарақшылық, адам денсаулығына қасақана зиян келтіргендері үшін бұрын істі болған екен. Ұсталғандардың тағы 6 ауыр қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр",- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, шабуыл жасағандардан атыс қаруы мен бетперде, бағалы зат иелерін буып, ауыздарын бекітуге арналған скоч тәркіленді. Облыстық ІІД басшылығы жедел операция кезінде қызметін адал атқарған полиция қызметкерлерін ынталандырып, ІІМ марапатқа ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу