Кәсіподақ – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімнің негізі

421

Астанада қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  

Кәсіподақ – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімнің негізі Фото: Салалық кәсіподақ

Ауқымды шараға Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдері, халықаралық кәсіподақ бірлестіктері, орталық мемлекеттік органдар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шараның басты тақырыбы – "Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым – болашаққа бағдар".  ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова конференция қатысушыларына ҚР Премьер-Министрі орынбасары Ермек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді.

– Бүгінде cалалық кәсіподақ тек қана құқық қорғау алаңы емес, сонымен қатар әлеуметтік әріптестіктің маңызды тетігіне айналды. Мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен орнатылған өзара түсіністік пен тең құқықты ынтымақтастық арқылы кәсіподақ қызметі қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл – үлкен жетістік. Себебі, білім мен ғылым саласы – ұлттың болашағы, ал сол саланың мамандары – елдің ең басты капиталы, – делінген құттықтау хатта.

Конференция барысында қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында кәсіподақ жұмысын жетілдіру, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың заманауи тетіктерін енгізу, цифрлық дәуірдегі кәсіподақтың рөлі мен жаңа ынтымақтастық формаларын дамыту мәселелері талқыланды.

Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева өз сөзінде кәсіподақтың мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен конструктивті қарым-қатынас орнатып, еңбек заңнамасының орындалуын қадағалау мен құқықтық қолдау көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Айгүл Мұқашеваның айтуынша, 2024 жылы кәсіподақтың құқықтық қызметі 34 201 өтінішті қарап, нақты шешімдер қабылдаған. Жеке еңбек даулары бойынша 715 іс келісу комиссиясында, 52 іс сотта қаралып, заңсыз жұмыстан босатылған 24 қызметкер қайта жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау аясында 2 653 тексеру жүргізіліп, 4 828 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған.

Конференцияға қатысушылар білім және ғылым жүйесінде кәсіподақтың рөлін нығайтудың, әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысудың және қызметкерлердің құқықтарын қорғау тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу