Мемлекеттік қолдау шаралары еліміздің өнеркәсіп саласының дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу тетіктеріне сұраныс артып отыр. Бұл кәсіпорындарға қаржылық жүктемені азайтып, өндірісті жаңғыртуға және жаңа желілерді іске қосуға мүмкіндік беруде.
Мұндай қолдаудың нәтижелі мысалы ретінде Астана қаласындағы "Стальцинк" кәсіпорнын айтуға болады. Зауыт жол қауіпсіздігіне арналған қоршаулар шығарады және ыстық мырыштау қызметін көрсетеді.
Кәсіпорын жылына 32 мың тонна өнім шығарады. Жуырда енгізілген жоғары технологиялық жабдықтың арқасында өндіріс автоматтандырылып, жаңа өнім түрлері игерілді. Нәтижесінде кәсіпорын кірісі кемінде 12 пайызға артқан. Сонымен қатар, өндірістік қуат үш есеге көбейіп, бұрын сырттан алынатын кейбір өнімдер енді өз ішінде шығарылуда.
"Біз жабдықты сатып алғаннан кейін мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалану туралы шешім қабылдап, QazIndustry орталығына жүгіндік. Орталық жабдық құнының 40 пайызын– 17,4 млн теңгені өтеп берді. Мен мұны отандық кәсіпорындарды қолдаудың өте тиімді тетігі деп санаймын", – дейді "Стальцинк" ЖШС директоры Берік Медянов.
QazIndustry ұлттық операторы арқылы кәсіпорындардың шығындарының 40–50 пайызы өтеледі. 2025 жылы өтемақы көлемі 1,4 млрд теңгеден асқан, ал биылғы бес айда шамамен 76 млн теңге төленген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ынталандыру тетіктерін кеңейтіп, теміржол тасымалы мен халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу бағыттарын да енгізген.