Алматы облысы Қаскелең қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінде газ-ауа қоспасы жарылып, бір адам қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін түскі уақытта орын алды.
"Тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылған. Өрт шыққан жоқ. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары шытынады. Алматы облысының әкімі Амандық Батталов жапа шеккен отбасыларға көмек көрсету туралы тапсырма берді. Тұрғындар уақытша басқа үйге көшіріледі. Жарылыс болған ғимарат қалыпқа келтіріледі", – деді өңірдің баспасөз қызметі.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша жеті адам түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен.
"Жеті адамның үшеуі бала. Жарылыс кезінде олар жабық ми жарақатын алған. 8 жасар баланың оң жақ табаны жараланған. Тағы бір 1939 жылы туған мүмкіндігі шектеулі адам сол жақ бас жарақатын алып, жан сақтау бөліміне орналастырылды. Жалпы барлығының жағдайы орташа", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.