Жарты млн теңге пара алған шенеунікке сот үкімі шықты (видео)

1116

Сотталушы азамат 500 мың теңге көлеміндегі параның 59 мың теңгесіне азық-түлік сатып алған. 

Жарты млн теңге пара алған шенеунікке сот үкімі шықты (видео)

Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бөлім басшысының биылғы жылдың 24 мамырында пара алғаны белгілі болды. Ол бұл соманы "ҚТЖ" АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының жүк тасымалдау бөлімінің қызметкерінен лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін алған және пара берушіге қаражатты інісінің банк карточкасына аудару қажеттігін айтқан. Сұратылған сома келіп түскен күні сотталушы оның 59 мың теңгесіне азық-түлік алғаны белгілі болды. Үш айға жуық қаралған қылмыстық іске Еңбекші аудандық сотында нүкте қойылды.

Сот отырысы онлайн форматта өтті. Судья Ермахан Рахманбердінің үкімімен қызметін асыра пайдаланған Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті талдау бөлімінің бұрынғы басшысы кінәлі деп танылды. Сот оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мәнжайлар ретінде шын ниетпен өкінуін, асырауында жасөспірім балалары бар екенін назарға ала отырып үкім шығарды. 

"ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстваларында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын. Оған 15 млн теңге айыппұл салынсын",– деп жазылған сот үкімінде. 

Сотталушы көрсетілген айыппұлды үкім заңды күшіне енген кезден бастап екі ай мерзім ішінде төлеуге міндеттелді. Айта кетейік, экс-шенеунікке қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Жансая Тәуекелқызы(ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел түсірілімі)
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу