Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумы желісі арқылы кедергісіз жөнелтіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі уақытта Каспий құбыр консорциумы тарапынан Қазақстан мұнайына шектеу жоқ. Қабылдау кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр. КҚК ақпаратына сәйкес, "Теңіз-Новороссийск" магистралды мұнай құбыры 2025 жылдың 17 ақпаны күні Мәскеу уақытымен сағат 02:50-де "Кропоткинская" мұнай айдау стансасының қатысуынсыз транзиттік режимде іске қосылды, – деп атап өтеді ведомстводан.
Кеше Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" мұнай айдау стансасына ұшқышсыз ұшатын аппаратпен шабуыл жасалды.
Осыдан кейін еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайы үшін КҚК тарапынан еш шектеу жоқтығын, мұнайды қабылдау штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеген еді.
Алайда, ресейлік "Транснефть" компаниясының ресми сайтында бүгін жарияланған ақпаратта Қазақстан тарапынан мұнай айдау көлемінің қысқаруы мүмкін екендігі айтылады.