Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Каспий құбыр консорциумына дрондар шабуылынан кейін қазақстандық мұнай тасымалы қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Әріптестерімнің мәліметінше, барлық мұнай бағыттары бойынша жұмыс тұрақты жүргізіліп жатыр, КҚК арқылы экспорт та қалыпты түрде жалғасуда. Сондықтан әріптестер бұл ақпаратты қосымша нақтылап, сіздерге толық мәлімет береді деп ойлаймын, – деді вице-министр Үкімет үйінде өткен брифингте.
Еске сала кетсек, 5 сәуір күні Ресейдің Қара теңіздегі ең ірі мұнай терминалдарының бірінде дрон шабуылы салдарынан өрт болды. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевтің айтуынша, ұшқышсыз аппарат сынықтары бірнеше кәсіпорын аумағынан табылған.
Кейін Энергетика министрлігі магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды қабылдау мен тасымалдау қалыпты жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.