"Каспий Құбыр Консорциумынан" қанша салық түсті

1055

Салықты төлегеннен кейінгі таза пайда – 630 миллион доллар.

"Каспий Құбыр Консорциумынан" қанша салық түсті

2020 жылы "Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ Қазақстанға 70 миллион доллар көлемінде корпоративті табыс салығын (КТС) төлеген. Бұл туралы "Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ бас директоры Николай Горбань айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы "Каспий Құбыр Консорциум" (КҚК) АҚ-ның негізгі түсімі 2 миллиард доллардан асқан. 

"Салықты төлегеннен кейінгі таза пайда – 630 миллион доллар. Қазақстанға шамамен 70 миллион доллар көлемінде корпоративті табыс салығы (КПН) мен 16,4 миллион доллар мүлік салығы төленді", - деді Николай Горбань орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол елімізге төленген салықтың көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмен екенін атап өтті. Бұл мұнай айдау көрсеткішінің төмендеуімен байланысты.

"2020 жылы "Каспий Құбыр Консорциумының"
теңіз терминалында 59 миллион тоннадан аса мұнай қабылданып жіберілді. Оның ішінде 51,7 миллион тонна мұнай қазақстандық жүк жіберушілерге тиесілі. Өкінішке қарай бұл жоспардағы көлемнен 7 миллион тоннаға аз. Біз жоспардың тек 89,8%-ын орындап, 571 танкерге жүк тиедік", - деді "КҚК" АҚ бас директоры.

Николай Горбань 2020 жылдың мамырында ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін азайтуға келіскенін, Қазақстан үкіметі шектеулер енгізгенін жеткізді.

"Мұнай экспортындағы шектеулер "Каспий Құбыр Консорциумға" қазақстандық жүк жөнелтушілерінен мұнай қабылдау-тапсыру кестесіне әсерін тигізді. Бұл Қара теңіз жағалауындағы консорциумның теңіз терминалында мұнай жөнелту көрсеткішінің төмендеуіне себеп болды", - деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, "Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ – ірі халықаралық мұнай айдау жүйесі. Ол Қазақстанның батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск (Ресей) портына жақын орналасқан терминалдарға мұнайды жеткізу үшін салынған. Мұнай құбырының ұзындығы – 1500 шақырым.

Дәурен Ерболат

Фото: shell.com.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу