Каспий Құбыр консорциумының мұнай құбыры тағы кеңейтіледі

3374

Қара теңізге жолданатын мұнай көлемі артып келеді.

Каспий Құбыр консорциумының мұнай құбыры тағы кеңейтіледі

Жалпы ұзындығы 1510 шақырым болатын Каспий Құбыр консорциумының мұнай құбыры 2001 жылы қолданысқа берілген болатын. Оның 452 шақырымы Қазақстан аумағымен өтеді. "Теңіз" мұнай кенішін Қара теңіздегі "Оңтүстік Озереевка" мұнай терминалымен қосатын нысан жылына 53,7 млн тонна мұай тасымалдайды. 2017 жылғы кеңейту жұмыстары осындай көлемге жеткізген болатын.  

Аталмыш құбыр арқылы "Теңізшевройл", "ҚазМұнайГаз"  сияұты компаниялар мұнай сатып отыр. 2018 жылы экспорт көлемі құбырдың өткізу мүмкіндігінен жоғары болып шықты (54,3 млн тонна). Мұндай тенденция биыл да байқалып отыр. Осы себепті аталмыш құбырды тағы да кеңейту туралы шешім қабылданса керек. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"2019 жылға Каспий Құбыр консорциумының бизнес-жоспарына сәйкес, қазақстандық мұнайды тасымалдаудың жоспарланған көлемі 57,3 млн тоннаны, ресейлік мұнайды есепке алғанда – 65 млн тоннаны құрайды. 10 айда 50,644 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды. Алдағы уақытта "Теңіз" және "Қашаған" кен орындарында мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты нысанның қуатын жылына 72,5 млн тоннаға дейін, оның ішінде "Теңіз" үшін жылына 43,5 млн тоннаға дейін ұлғайту, құбырдың тар жерлерін жою туралы шешім қабылданды", – деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2020 жылы қосымша мұнай көздерін анықтау үшін Қызылорда және Ақтөбе облыстарында мұнай барлау жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Ол үшін барлаушы компанияларға жеңілдік ретінде балама салық қарастырылмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу