Каспий құбыр консорциумының станциясына дрондар шабуыл жасады

218

Мұнай айдау станциясы Кубаньда орналасқан. 

Каспий құбыр консорциумының станциясына дрондар шабуыл жасады Фото: РБК

17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау нысаны – "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Компания мұны "террористік шабуыл" деп атады.

"Террористік шабуыл жеті ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасалды. Олар жарылғыш заттардан бөлек металл зақымдайтын элементтермен толтырылған. Шабуыл арасына уақыт салып жасалды. Осылайша нысанның жұмысын тоқтатуды ғана емес, станциядағы операциялық қызметкерлерге зиян тигізуді мақсат етті. Мұнай айдау станциясының қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлерінің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде мұнай ағып кетуге жол берілмеді", - делінген хабарламада.

Оқиға орнына компанияның бас директоры Николай Горбань бастаған топ  аттанғаны жазылған. 

"Қазіргі уақытта "Кропоткинская" станциясы эксплуатациядан шығарылды. Мұнай аталмыш станцияны айналып өтіп, Теңіз – Новороссийск құбыры арқылы төмендетілген режимде тасымалданып жатыр. "Кропоткинская" мұнай айдау станциясы Кубань өңірінде орналасқан. Ол Каспий құбыр консорциумының Ресей Федерациясындағы ең ірі мұнай айдау станциясы болып саналады", - деп хабарлады Каспий құбыр консорциумы.

Қазақстанның энергетика министрлігі осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Каспий құбыр консорциумы тарапынан қазақстандық мұнайға шектеулер жоқ. Мұнай қабылдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді министрлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу