Өткен жылы Теңіз – Новороссийск мұнай құбыры арқылы 70,52 млн тонна мұнай тасымалданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақында Абу-Даби қаласында Каспий құбыр консорциумы басқарушы органдарының отырыстары өтті. Жиынға қатысушылар өткен жылды қорытындылады.
Каспий құбыр консорциумы баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр Теңіз – Новороссийск мұнай құбыры арқылы 70,52 млн тонна мұнай тасымалданған. Оның ішінде Теңіз кен орнынан – 36,6 млн тонна, Қарашығанақтан – 9,2 млн тонна, Қашағаннан 17 млн тонна мұнай келіп түсті.
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласындағы ең ірі жобаның бірі. Теңіз – Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырымға тең. Бұл бағыт арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайы мен ресейлік кен орындарының шикізаты тасымалданады. КҚК теңіз терминалы үш кеме қондыру құрылғысымен жабдықталған.
Консорциумның акционерлері: Ресей – 24%, "КТК Компани" – 7%, "ҚазМұнайГаз" – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, Лукойл Интернешнл – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2%, Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.