25 наурызда Кремль сайты Ресей мен Украина энергетикалық жүйелеріне соққы жасауға уақытша тыйым салынатын нысандар тізімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тізімнің 2-тармағында "Мұнай және газ құбырлары мен қоймалары, оның ішінде сорғы станциялары" көрсетілген.
– Бұл уақытша мораторий 2025 жылғы 18 наурыздан бастап 30 күнге күшінде болады және өзара келісім негізінде ұзартылуы мүмкін. Егер тараптардың бірі оның шарттарын бұзса, екінші тарап келісімді орындаудан босатылады, – делінген Кремльдің хабарламасында.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумының баспасөз хатшысы Илья Архипов "Кропоткинская" сорғы станциясындағы жағдай өзгеріссіз екенін мәлімдеген болатын. Қазіргі уақытта станция қызметі тоқтап тұр, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Дегенмен мұнай құбыры жұмыс істеп тұр, тиеу-жөнелту әдеттегі тәртіпте жүргізілуде.
Айта кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына дрон арқылы шабуыл жасалған еді.