Тегеранда Каспий теңізінде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өңірлік ынтымақтастықты талқылау бойынша Каспий маңы елдері жұмыс тобының төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.
Отырыс аясында халықаралық теңіз ұйымының (ИМО) конвенциялары мен қарарларының тізбесін қалыптастыру жөніндегі мәселе қаралды. Талаптар барлық Каспий маңы елдері мен олардың Каспийде жүзетін кемелері үшін міндетті болады.
Бұдан бөлек, порттардағы кемелерді Каспийде қолданылатын ИМО конвенцияларының талаптарына сәйкестігін тексеруге бірыңғай тәсіл әзірлеу үшін Каспий маңы елдері Қара теңіз, Париж (ЕО порттары) және Токий (Азия-Тынық мұхиты өңірінің порттары) меморандумдарының баламасы ретінде Каспий теңізіндегі порт мемлекетінің кемелерді бақылауы туралы меморандумын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Меморандум теңізде жүзу қауіпсіздігінің жалпы міндетті талаптарын сақтауды, Каспий маңы порттарындағы кемелерді тексеруді азайтуды, сондай-ақ өңірдегі порттағы мемлекеттік бақылауды тексеру тарихы бар бірыңғай ақпараттық жүйе құруды қамтамасыз ететін бірінші өңірлік құжат болмақ.
Жоғарыда көрсетілген құжаттарды қабылдау теңіз аварияларын тексеру, теңізде жүзу қауіпсіздігін және Каспий теңізіндегі кемелерді бақылауда өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.