Аталмыш компания кен орнын цифрландыру жобасын енгізіп, өндіріс көлемін 10 пайызға арттырған. Марапаттау рәсімі "Дижитал Алматы" форумының алаңында өтті.
Smart Field Айранкөл. Қазақстанның ең үздік цифрлық шешімі осылай аталады. Мұнай өндіру процесін түгелдей цифрлы форматта басқаруға мүмкіндік беретін жүйені "Каспий Нефть" компаниясы жасаған. Іс жүзінде кеніште орнатылған датчиктердің ақпараты бірыңғай цифрлы жүйеге түсіп, өңделеді. Ал, кеншілер өндірісті мобильді қосымшалардың көмегімен басқарады.
"Бұл жобаның ерекшелігі біз ұңғу деңгейінен бастап, қаладағы офисіміздегі бүкіл бизнес процестерін автоматтандырдық. Сол арқылы біз компаниямыздың өнімділігін, кен орнымыздың қабілетін, өткізу қабілетін бәрін күшейттік", дейді "Каспий нефть" компаниясының бас директоры Серік Тыран.
Әзірлеушілер бұл технологияның еліміздегі мұнай өндіру саласының стандартына айналғанын қалайды. Аз шығынмен көп табыс табуды көздейтін технология Қазақстанның мұнай-газ саласын жаңа деңгейге көтере алады, дейді мамандар. Бұған компанияның жетістіктері дәлел.
Мысалы, "Каспий Нефть" осы ноухауды енгізгелі өндіріс көлемін 10 пайызға арттырған. Айтпақшы, цифрлы шешім тек инновацияны ғана дамытып қоймай, экологияны сақтауға орасан зор септігін тигізеді.
"Бізде мұнай төгілу, әр түрлі газдың лақтырылу процестері болмайды. Себебі, барлығы автоматтандырылған, егер бірдеңе болып жатқан болса, автоматты түрде тоқтап қалады. Ол үлкен жетістік", дейді "Каспий нефть" компаниясының бас директоры Серік Тыран.
Компания кадрлардың да цифрландыру машығын меңгеруіне мүдделі. Бұл мақсатта LMS платформасы іске қосылған. Жүйеде қарапайым жұмысшы мен оператордан бастап, инженерлерге дейін білім деңгейін көтеріп, сертификат ала алады.
Сәйкесінше, кәсіби біліктілік жалақыға да оң әсер етеді. Мамандарды ынталандыру арқылы кадр мәселесін шешіп жатырмыз,-дейді мұнайшылар. "Каспий нефть" бірегей цифрлы жобасы үшін TechGarden awards байқауының "Ең үздік цифрлық шешімі" номинациясын жеңіп алып, Алматыда марапатталды.
Каспий нефть - еліміздегі жетекші мұнай өндіруші компаниялардың бірі. Ол нарықта 26 жылдан бері жұмыс істейді. Өндірістен бөлек, компания жаңа технологияларды белсенді түрде енгізуде. Бір ғана Айранкөл кенішінен жылына 900 мың тонна мұнай өндіреді.