Өткен жылы "Әзербайжанның Каспий теңізі кеме шаруашылығы" ЖАҚ (АSКО) паромдарымен тасымалданған жолаушылар саны 20 пайызға артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты АSКО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылы паромдар 28 392 жолаушыны тасымалдаса, бұл 2023 жылғы 23 729 жолаушыдан 20%-ға жоғары болып тұр.
9746 жолаушы Құрық-Алят, 1220-сы – Түрікменбашы-Алят, 14834 адам Алят-Құрық және 2552 адам Алят-Түркіменбашы бағытын пайдаланған.
Карантиндік шектеулерге байланысты елден пароммен кеткісі келетін Әзербайжан азаматтары алдымен Министрлер кабинеті жанындағы Жедел штабтан арнайы рұқсат алуы тиіс. Ал шетел мемлекеттерінің азаматтары елден шыққан кезде бұл рұқсатты талап етпейді. Десе де, пароммен елге келетін Әзербайжан азаматтары мен шетелдіктердің барлығы бірдей рұқсат алуы керек.
Осыған дейін ASCO жүк тасымалы көлемін көбейткені туралы хабарланған еді. Осылайша, ЖАҚ деректеріне сүйенсек, құрғақ жүктерді тасымалдау көлемі 200,65%-ға, вагондар 2,76%-ға, жүк көліктері 38,88%-ға өссе, танкерлік тасымалдау 9,38%-ға артып отыр.
Көлік мәселелері жөніндегі сарапшы Рауф Агамирзаевтің сөзінше, қолда бар көрсеткіштер теңіз арқылы жүк тасымалдау көлемінің біршама артқанынан хабар береді.
– Соңғы жылдары ASCO қызметі Каспий теңізінен тыс жерлерде де кеңейді. ЖАҚ флотын белсенді түрде жаңартып, тиімділігін арттырып келеді. Шығыс-Батыс дәлізі бойымен Түрікменстан мен Қазақстаннан жүк және дөңгелекті көліктердің тасымалы артты, – деді сарапшы.