Зерттеулерге жүгінсек, теңіз деңгейі орта есеппен бір метрге төмендеген.
"Теңіз бетінің жағалаудағы қазіргі деңгейі 29,2 метр тереңдікте жатыр. Бұл деңгей кеме қатынасына әсер ете бастады. Қазір мұнай құятын 12 мың тонналық кемелердің төрттен бір бөлігі бос кетеді. Егер олар Махачкалаға барса, онда деңгей біздікінен де төмен. Егер танкерлер резервуарға баратын болса, онда жүктеу 9000- 9500 тоннаға дейін жетеді. Деңгейдің одан әрі төмендеуі танкерлердің жүктемесін одан әрі азайтады. Бұл теңіз тасымалы экономикасына әсер етеді және тасымалдау құны қымбаттайды", - дейді "Ақтау теңіз сауда порты" ҰК " АҚ президенті Абай Түрікпенбаев.
Бұрын құрғақ жүк тиейтін контейнерлік кеме 20 футтық эквивалентті 350 контейнерді бортқа алған болса, қазір контейнерлердің саны 270-280-ге ғана жетеді. Сонымен қатар, қазір жүктердің дені ауыр - контейнерлер негізінен түсті метал және астықпен толтырылған.
Қазір портта теңіз түбін тереңдету жоспарланған. Теңіз түбінен миллион тоннаға жуық топырақ алынады. Теңіз түбінің геологиясына байланысты ауыр техника қажет болады. Аталмыш жұмыстар 2025 жылы басталмақ. Олай болмаған жағдайда порттардың жұмысына кері әсер етіп, теңіз тасымалының қымбаттауы жүктерді басқа жолдарға бағыттауы мүмкін. Өйткені Каспийді темір жолмен де, автомобиль жолымен де айналып өтуге болады.
"Қазгидромет" РМК Каспий теңізінің деңгейіне әсер ететін бірнеше негізгі факторлар бар екендігін мәлімдеді. Бұл - ең алдымен климаттық өзгерістер, антропогендік белсенділік және теңіз шұңқырының көлемі мен пішінін өзгертетін геологиялық-тектоникалық процестер. Соңғы бес жылда Каспийге түскен жауын-шашын мөлшері өте аз, ал булану процестері қарқынды болған. Ғалымдардың есептеулері бойынша 2030 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі 29,6 м-ге дейін азаюы мүмкін, ал ең пессимистік болжамдар бойынша 33 метрден де төмен түсуі ықтимал.