Каспий теңізінің таяздануы Қазақстаннан Ақтау–Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдауды арттыруға кедергі болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Нефть и газ Казахстана" Telegram арнасына сілтеме жасап.
Каспий бассейні жағалауындағы мемлекеттердің теңіз порттарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі фактор – теңіздегі судың деңгейі.
Бұл туралы АЗЕРТАДЖ-ға Ақтау теңіз сауда порты коммерциялық жұмыс бөлімінің басшысы Әнуар Немышов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы 18 жылда Каспий теңізі деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады.
– Бұл порт айлақтарының, кеме жолдарының, акваториялардың, гидротехникалық құрылыстардың пайдалану сипаттамаларына, сондай-ақ кеме қатынасының қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді, – дейді Әнуар Немышов.
Осыған байланысты Ақтау портындағы құрғақ жүк кемелеріне 600-1300 тоннаға, мұнай танкерлеріне 2000-2500 тоннаға аз тиелгенін атап өтті.
– Кемелердің жүктемесінің азаюы, сөзсіз, теңіз тасымалының табыстылығына әсер етеді және жүк ағындарын балама бағыттарға қайта бағыттау қаупін тудырады. Теңізде жүзу қауіпсіздігін және кемелердің толық жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында теңіз түбін тереңдету жұмыстары қажет, – деп қосты ол.
Бұл әсіресе, Президенттің Каспий теңізі арқылы балама бағыт бойынша мұнайды ауыстырып тиеу көлемін қазіргі 1,5 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға дейін арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін өзекті.