Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында шекараны бекітетін тарихтағы алғашқы құжат қабылданды

Парламент Мәжілісінің отырысында "Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды, деп жазды inbusiness.kz. 

Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында шекараны бекітетін тарихтағы алғашқы құжат қабылданды

"Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт Ашғабатта 2021 жылғы 25 қазанда жасалды.

"Шарттың мақсаты Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізінде олардың аумақтық сулары мен балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлетін мемлекеттік шекара сызығының өтуін айқындау болып табылады.

Шартты қабылдау мемлекеттеріміз арасында Каспий түбін бөлуге қатысты Түркіменстанмен даулардың туындауына ықтимал алғышарттарды жояды, Каспий теңізі түбінің қазақстандық секторының инвестициялық тартымдылығын арттырады және жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді", – деді баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша шарт Қазақстан Республикасының Оңтүстік өңіріндегі мемлекеттік шекарасын межелеу процесін аяқтайды және жағалау маңындағы мемлекеттер арасында Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараларды заңды түрде бекітетін тарихтағы алғашқы құжат болады.

Осы орайда депутаттар аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу