Каспий теңізінде биыл қоқыс азайғанмен, құрылған аулар көбейген

1073

Арнайы экспедиция оның біразын жинап алды.  

Каспий теңізінде биыл қоқыс азайғанмен, құрылған аулар көбейген

Итбалықтарды қорғау мақсатын көздеген табиғат жанашырларының басын қосқан экспедиция осымен үшінші жыл күз мезгілінде Каспий теңізіне әдейі құрылған балық ауы мен қоқыс-қалдықтарды жинаумен айналысуда. "Пиранья" аэроглиссері мен "Славир-6" арнайы жүзу құралымен шыққан топ "Подгорный", "Рыбачий", "Морской", "Құлалы" аралдарының жағалауына және аралдар арасындағы теңіз айдынына тасталған торларды жинап алған.

"Арнайы балық аулауға тасталған торлар жойылып бара жатқан түрлер - Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтардан бөлек, жалпы теңіз өмірі үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Итбалықтар аралдарының маңында тасталған балық аулары мен теңіз қоқыстарын жинау бойынша ұйымдастырылған сапар нәтижесінде 3,790 кг тор және 1,578 кг басқа теңіз қоқысы жиналды", – деп атап өтті Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков. 

Айта кетейік, балық аулары аралдардан да, судан да табылған. Олардың көлемді болуы және капрон жіптерден жасалуы бекіре тұқымдастарды аулау үшін қойылғанын дәлелдейді. Экспедиция мүшелері торлар алыстан желмен тартылған деп болжауда, кей жерлерде оларды көзден таса қылып, жасыру үшін зәкірлер де тасталған екен. 

Экспедицияны "Теңізшевройл" ЖШС қаржыландырған. Жоба 2017 жылы қолға алынған, содан бері 3 тоннадай болатын тор жиналып, 52 тірі бекіре теңізге қайта жіберіліпті. Былтыр Түпқараған түбегінің аумағынан жарты айдың ішінде 2,856 кг тор мен 6,496 кг қоқыс жиналған. Биыл қоқыс көлемі азайғанмен, құрылған аулардың көбейіп кеткені байқалыпты.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу