Каспий теңізінде ихтиологиялық бақылау жұмыстары жалғасады

867

"Жайық-Каспий" облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облыстық басқармасының қызметкерлері биыл да теңізге ихтиологиялық зерттеу жүргізеді.

Каспий теңізінде ихтиологиялық бақылау жұмыстары жалғасады

Балық шаруашылығы инспекторларының мәліметінше, мұндай жұмыстар Каспий теңізіне жыл сайын жасалады. Мәселен, 2022 жылы облыс бойынша 8 табиғат пайдаланушының учаскесін бақылап, балық аулау жұмыстары жүргізілді. Жағалауда құрылған ау-құралдарға бекіре, күтім, кефаль, көксерке, ақбалық пен майшабақтар түскен.

"Балықтардың салмағы өлшенген соң тірі күйде теңізге қайта жіберілді. Осылайша, Каспийдегі биоресурстардың қай учаскеде қандай көлемде бар екендігі анықталады. Жинақталған мәліметтер мен фотосуреттер қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарына жіберіледі. Ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесі балық аулауға мемлекеттен квота бөлінуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша осы квота көлемін ұлғайту үшін тиісті жұмыстары атқарылып жатыр", - дейді Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев.

Бұған дейін жасалған ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесінде күтім балығы 2022 жылдың 16 қыркүйегінде министрліктің қаулысына сәйкес "Қазақстанның қызыл кітабынан" шығарылды, яғни аулауға рұқсат берілді. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына былтыр өзгеріс енгізіліп, диаметрі 0,3 мм ау-құралымен аулауға рұқсат етілді.  

Айта кетсек, Каспий теңізінде жойылып кету қаупі бар, "Қазақстанның қызыл кітабына" енгізілген су жануары – итбалық, Каспий тілтісі, Каспий албырты, ақбалық, Волга көп аталықты мекендейді. Оларды аулауға заңмен тиым салынған.

Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушылары "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" заңға сәйкес арнайы құжаттарды жинайды. Рұқсат қағаздарын алған соң балық аулауға рұқсат беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу