Маңғыстау облысында қаза тапқан батыс қазақстандық тағы бір сарбаз Жеңіс Темірғалиев туралы ұстаздары айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласындағы №1 орта мектепте білім алған.
Сарбаз сабақтарға белсенді қатысқан. "Ол өз ойын нақты әрі толық жеткізетін" дейді білім берген ұстаздары.
Жеңіс Темірғалиев тіл, әдебиет, жаратылыстану, тарих пәндерін қызығушылықпен оқып, спорттық шараларға, түрлі байқауға белсенді қатысқан. Әсіресе, бадминтон, футбол, баскетбол спорты түрлері бойынша жүлделі орындардан көрінді.
– Сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы, достарына көмектесуге әрдайым дайын тұратын еді. Мұғалімдер мен үлкендерге құрметпен қарайтын, тәртібі үлгілі оқушыларымыздың бірі болды. Ұжымдық іс-шараларда белсенділік танытып, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласты. Отбасымен тұрақты байланыста болдық. Ата-анасының тәрбиесін алған сыпайы, ақкөңіл, салмақты, ерекше оқушы болды. Білімге құштар, өмірде алар асулары мол еді. Осындай шәкіртіміздің өмірден ерте кеткені өте өкінішті. Отбасына, барлық ағайын-туысына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, – дейді Жеңіс Темірғалиевтің мұғалімдері.