Оның айтуынша, соңғы 100 жылда Қазақстанда ауаның орташа жылдық температурасы 1,37 градусқа көтерілген.
"Бұл су ресурстары мәселесін тудырады. Себебі Қазақстан көптеген трансшекаралық өзен бойынша ағыстың төмен бөлігінде орналасқан. Су ресурстарының 40%-дан астамы елімізге көрші елдерден келеді. Мысалы, Жайық өзені. Соңғы жылдары ондағы судың орташа жылдық ағыны 3 есе қысқарды", – деді министр "ECOJER" халықаралық конгресінде.
Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізіндегі жағдайға баса мән беру керегін айтты.
"2006 жылдан бастап Каспий теңізінде су деңгейі төмендеп келе жатыр. 2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрге төмендеп, Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетті. Теңіз деңгейінің минус 28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі болып саналады",– деді ведомство басшысы.
Ол бұл жағдай Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне ықпал еткенін жеткізді.
"Теңіздегі су бетінің ауданы 22 мың шаршы шақырымға қысқарды. Оның жартысы солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі", – деді Мағзұм Мырзағалиев.