Каспий теңізіндегі мұнай-газ компаниялары өндірістік нысандарына жақын жерде терроризмге қарсы теңіз жедел штабының күштері мен құралдарын орналастыруға орын бөлуге міндеттеліп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай талап ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілді және 17 қазаннан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар теңіз жедел штабының сұранысы бойынша кемінде 10 қызметкерді орналастыруға болатын орын дайындауы керек. Сонымен қатар онда тікұшақ алаңы болуы тиіс. Бұл орын теңіздегі өндірістік нысандардан 23 шақырымнан алыс болмауы қажет. Штаб күштерін өндірістік нысандардың маңындағы мобильді теңіз құралдарына орналастыруға да рұқсат етіледі. Оларды орналастыруға байланысты барлық шығынды жер қойнауын пайдаланушылар көтереді.
Мұнай-газ компаниялары теңіз операциялық штабының күштерін орналастырумен және олардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты шығындарды да өз мойнына алады. Бұл шығындар құжатпен расталуы тиіс. Ал тараптар шығындар тізбесін, олардың көлемін, сондай-ақ төлеу және өтеу тәртібін азаматтық заңнамаға сәйкес өзара келісім арқылы айқындайды.