Республика күні қарсаңында Ақтаудағы 20-кемелер айлағында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қарасты Жағалау күзеті бірінші дивизионының "Семей" кіші күзет кемесіне ту көтеру салтанатты рәсімі өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Бауыржан Абсаматов, Жағалау күзет басқармасының бастығы Талгат Төребаев, Қорғаныс министрлігі мен Әскери-теңіз күштері өкілдері, сондай-ақ шекара қызметінің ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өз құттықтау сөзінде: "Бұл оқиға жаңа кеме үшін ғана емес, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің әскери-экономикалық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам" – деді.
"Семей" заманауи навигациялық жүйелермен, жоғары дәлдіктегі бақылау құрылғыларымен және күрделі жағдайда тиімді қызмет атқара алатын қару-жарақпен жабдықталған.

Кеме экипажы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын, континенттік қайраңын күзетіп, заңсыз кеме қатынасы, контрабанда және қарақшылықты болдырмауға бағытталған. Жоғары жылдамдықты дизельді қозғалтқыштармен жабдықталған су көлігі тәулігіне 7-10 күн автономды жүзе алады, қару-жарақ кешенінде 12,7 мм автоматтандырылған басқару жүйесі бар.