Екеуі-жасөспірім. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықовтың айтуынша, биыл суға кету оқиғасы тіркелмеген. Алайда құтқарушылар ширақ әрі жедел шешім қабылдап, теңізден 5 адамды аман алып шыққан. Деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда 55 адам, оның ішінде 11 бала суға батып, көз жұмған.
“Судағы өлімнің негізгі себептері- қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балалар жүзу дағдыларын тиісті деңгейде меңгермеуі, тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу. Сондай -ақ мас күйінде суға түсу және жауапсыздық салдарынан балаларды қараусыз қалдыру”, - дейді Нұрлыбек Айжарықов.
Қазір тиісті нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, Маңғыстау облысында 10 тыйым салынған учаске және 38 шомылуға рұқсат етілген орын белгіленген.
2023 жылғы шомылу маусымының өтуіне дайындық қарқынды жүріп жатыр.
Алдағы шомылу кезеңіне департамент су айдындарында адамдардың қаза болуына, жарақаттануына жол бермеуге және азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық-дайындық іс-шараларын өткізді.
Мәселен, шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесін қарастыра отырып, ТЖ жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын нәтижесінде шомылу маусымы кезінде адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша нақты шаралар әзірленді.
Департамент базасында жеке демалыс аймақтарының иелері мен жалға алушылардың қатысуымен кеңес өтті. Су айдындарында демалыс орындарын ашу және пайдалану кезінде тиісті талаптар мен нормаларды сақтау мәселесі талқыланған.
Сондай-ақ департаменттің бастамасымен Ақтау қаласының аумағында орналасқан бассейндері бар дене шынықтыру, спорт бөлімі, білім бөлімі арасында меморандумға қол қойылды.
“Меморандум шеңберінде балалар үшін жүзуді үйрету курсы тегін ұйымдастырылады, сондай - ақ судан қорқуды жеңуге септесетін амал-тәсілдер көрсетіледі. Бұдан бөлек алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты өмірлік қажетті дағдыны меңгереді”, - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Оның айтуынша, білім басқармасы, полиция департаменті және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері қатысуымен жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын үйлестіру және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша балалар лагерлерінің басшыларымен және ұйымдастырушыларымен семинар-кеңес өткен.
Сонымен қатар, шомылу маусымы басталғанға дейін Ақтау, Жаңаөзен, Қарақия және Түпқараған аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп су айдындарында белгіленген қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігі тұрғысынан су айдындарын түгендеу жоспарланған.
Жаппай демалу орындарының меншік иелерінен немесе жалға алушылардан өтінімдер келіп түскен кезде департамент шомылуға арналған акваториялар учаскелерінің түбін зерттеп-қарау және тазалау жүреді.
Айта кету керек, бүгінгі күні су айдындарының суға шомылуға қауіпті учаскелерінде билбордтар, баннерлер, сондай-ақ шомылуға тыйым салатын қауіпсіздік белгілері қойылады.
Құтқарушылар демалушыларды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.