Тарихшылар Ақтөбе-лаэти атты көне шаһардың ежелгі Құмкент қаласы болуы мүмкін дейді. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
"Бабалар ізімен" экспедициясы Атырау өңірінде өткен дәуірден сыр шертетін жерлерді аралап, құнды мәліметтермен танысты. Атыраудың шетіндегі Ақтөбе-лаэти деп аталып келген көне шаһар ХІІІ ғасырда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қолөнершілердің орталығы болған. Итальяндық саяхатшының картасында Лаэти деген атаумен сақталған.
Құпиясы мол қаланың сырын ашу үшін алғаш рет 1970 жылдары ресейлік археолог Лев Галкин қазба жұмыстарын жүргізді.
Мамандар: "Каспий теңізі деңгейінің көтерілуінен қалашық су астында қалған", – дейді. Қоныс қалдықтары: құмыра, әйнек, әшекейлер әлі күнге жер бетіне шығып жатыр. Тәуелсіздік алғалы мұнда күрделі зерттеу жүргізілмеген. Археолог Марат Қасеновтің айтуынша, қазба жұмыстарын жандандырса, Ақтөбе-Лаэти аталған қалашықтың шын мәнінде ежелгі Құмкент қаласы екенін дәлелдеуге болады.