Каспий теңізінің солтүстігінде жаңа арал пайда болды

222

Каспий теңізінің тайызданып бара жатқанына алаңдаған экологтар бірнеше жылдан бері дабыл қағып келеді. 

Каспий теңізінің солтүстігінде жаңа арал пайда болды Фото: Ширшов атындағы Океанология институты

Жақында бұл үдерістің тағы бір айқын дәлелі тіркелді – теңіздің солтүстік бөлігінде жаңа аралдың пайда болғаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бұл жөнінде Ресей ғылым академиясының П. Ширшов атындағы мұхиттану институтының мамандары хабарлады.

Арнайы экспедиция барысында ғалымдар жаңа құрлық нысанын өз көздерімен көрген. Арал Солтүстік Каспийде, Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 30 шақырым жерде орналасқан.

– Каспий теңізінде жаңа аралдың пайда болуы – теңіз деңгейінің төмендеп келе жатқанын айғақтайтын маңызды фактор. 2024 жылдың қарашасында түсірілген спутниктік суреттерде "Средняя Жемчужная" маңының құрғап қалғаны байқалған. Бұл – теңіз шегінісінің салдарынан пайда болған жаңа жер телімі екенін растап отырмыз, – делінген институт таратқан мәліметте.

Экспедиция тобы аралға әуе кемесімен жақындауға тырысқанымен, ауа райының қолайсыздығы мен судың тым таяз болуы қонуға мүмкіндік бермеген. Дегенмен квадрокоптер арқылы түсірілген суреттерден аралдың нақты пішіні айқын көрінеді.

Ғалымдар қазіргі уақытта арал маңындағы 0,4 метр тереңдіктегі таяз сулы аймақта арнайы зерттеу станциясын орнатып үлгерген. Бұл станцияда биогидрохимиялық, гидробиологиялық және теңіз құбылыстарының динамикасына байланысты кешенді зерттеулер жүргізілмек.

– Аралдың беткі қабаты – құмды жоталармен көмкерілген тегіс, дымқыл жазық. Қазіргі таңда су деңгейінен сәл ғана көтеріліп тұр. Бірақ теңіздің ең төменгі шегінде арал айқын байқалады. Алдағы уақытта біз жаңа аралдың географиялық сипаттамасын толықтай дайындап, атауына қатысты ұсыныстарымызды ұсынатын боламыз, – дейді мамандар.

Зерттеушілердің пікірінше, егер теңіз деңгейі одан әрі төмендейтін болса, аралдың көлемі ұлғайып, сирек кездесетін құстар мен Каспий итбалықтары үшін қолайлы мекенге айналуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу