Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев депутаттардың алдында сөйлеген сөзінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігі қоршаған орта тұрғысынан кері әсерлерге мейлінше сезімтал екенін айтты.
"Бұл құжаттың ел үшін маңызы зор. Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы осы су бассейініндегі экологиялық әрі биологиялық ресурстарды сақтау мәселесін өзекті етеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға қатысты бірқатар хаттамаларға қол қойды. Солардың бірі – Каспий маңы мемлекеттері 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде қол қойған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама", – деді министр.
Мағзұм Мырзағалиев трансшекаралық контекстегі құжатты Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан қабылдағанын атап өтті.
"Конвенция ережелерін іске асыру үшін жаңа экология кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Қазақстан трансшекаралық әсерлерді бағалауға қозғалатын тарап ретінде қатысса, онда шығу тарапынан келіп түскен құжаттар министрліктің бірыңғай экологиялық порталында орналастырылады. Өз кезегінде мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы жіберіледі. Егер Қазақстан трансшекаралық әсерлердің шығу тарапы ретінде қатысса, онда қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі елдің ішінде ғана емес, сонымен қоса қозғалатын тараптар да қатар жүргізіледі. Мысалы, Каспийде жаңа объектілер салынған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттары тиісті жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қозғалатын тараптарға қатар жіберіледі. Қозғалатын тараптардың органдарымен консультацияларды ескере отырып, қоршаған ортаға әсерді бағалауды өткізу мерзімі шамамен 6 ай немесе 180 күнді құрайды. Бұл Қоршаған ортаға әсерді бағалау хаттамасында және экология Кодексінің 81-бабының 7-тармағында айқындалған", – деді министр.
Қанат Махамбет