Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің сапында мерзімді қызмет атқаратын матростардың ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Шара алғаш рет 15-ші шағын аудандағы Амфитеатр алаңында ашық аспан астында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп, Әскери-теңіз базасының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған әскери қызметшілердің туған-туыстары қатысты.
Ар-намыс пен ерлік туының астында 200-дің үстінде жауынгер Отанға адал болуға ант берді.
– Сендер ант берген соң Отанға қызмет етуге кірісесіңдер. Әрқайсың айбынды ту мен ел алдындағы антқа адал болыңдар. Абыроймен қызмет етіп, аман-есен отбасыларыңа оралуларыңа тілектеспін, – деді әскери-теңіз базасының командирі 1-дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.
Ант қабылдау рәсімі аяқталған соң көрермендерге әскери теңізшілер қоян-қолтық ұрыс техникасын, саптық дайындық элементтерін және көздерін байлап автомат құрастыру шеберлігін көрсетті.
Салтанатты маршпен қаланың жағалау бойымен жүріп өткен сарбаз ұлдарына ата-аналары сүйсіне қарап тұрды.