Атырау облысында Каспий жағалауындағы 5 гектарда қамыс өртінің 5 ошағы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Кеше, 6 шілдеде басталған қамыс өртінің аумағы 5 гектарға жеткен.
Бүгін, 7 шілдеде Атырау қаласында түтін иісі білінді. Осыған байланысты қамыс өртіне әуеден барлау жүргізу үшін тікұшақ жұмылдырылған.
"Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Асқат Ержановтың жетекшілігімен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған комиссияның 3 мүшесі Каспий теңізінің жағалауында 15 шақырым радиуста аэровизуалды тексеру жүргізді. Әуеден барлау нәтижесінде Каспий теңізінің жағалауында шамамен 5 гектарды аумақты құрайтын 5 жану ошағы анықталды. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ", -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрт сөндірушілер жалынды сөндіру үшін бүгін, 7 шілдеде таңғы сағат 05:40-та Каспий теңізінің жағалауына аттанған. Олар сағат сағат 8:30-да Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы өрт аумағына жеткен.
Қазір қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті мен "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватынан 55 қызметкер, 13 техника, 2 мотопомпа, "Қазавиаспас" АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында Каспий жағалауында тағы қамыс өртеніп жатқанын хабарлаған едік.