Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақпен 30 тонна су төгілді

566

Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақпен 30 тонна су төгілді Фото: видео скриншот

Кеше, 7 қазанда түс қайта жергілікті өрт сөндірушілер жағалауда жанған қамыс өртін сөндіруді бастаған. 

"Әуеден аэровизуалды барлау жүргізу кезінде Құрманғазы ауданынан 43 шақырым қашықтықта 5 гектар, осы аудан аумағындағы "Қара пішен" учаскесі тұсында 3 гектар аумақта қамыстың жанып жатқаны анықталды. Сағат 17:00-де "Қазавиақұтқару" АҚ-ның МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысымен өрт ошақтарына 30 тоннадан астам су төгілді", – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Қамыс өртін сөндіру үшін өрт сөндіру бөлімдерінен қосымша 24 қызметкер, 1 тікұшақ, жол талғамайтын 1 ТРЭКОЛ көлігі тартылған. 

Өрт сөндірушілер кеше теңіз жағалауындағы 0,5 гектар аумақтағы қамыс өртін тікұшақпен, мотопомпалармен су шашып, сапалақпен ұрғылап, күрепен топырақ шашып сөндірген. Ал, түнгі өрттің елді мекенге қауіп төндірмеуі үшін кезекшілік ұйымдастырылған.

"Бүгін 8 қазанда қамыс өртін сөндіру жұмысы қайта жалғасты. Оған төтенше жағдайлар департаментінен 25 қызметкер тартылды. Оның ішінде 15 қызметкер "Казавиақұтқару" АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен, 10 қызметкері ТРЭКОЛ автокөлігімен оқиға орнына жеткізілді. Қызметкерлер мотопомпамен, сапалақпен және күрекпен жалынды сөндіруге кірісті", – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу