Каспийдегі мұнай төгінділерін жою ісіне Финляндия компаниясы тартылмақ

186

Төтенше жағдайлар министрлігінде министр Шыңғыс Әріновтің төрағалығымен Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты Вилла Скиннаримен, Финляндия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Янна Хейсканенмен, сондай-ақ "Lamor Corporation Plc" жетекші халықаралық компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Каспийдегі мұнай төгінділерін жою ісіне Финляндия компаниясы тартылмақ Фото: gov.kz

Кездесуде Каспий теңізінің ел аумағына қарасты бөлігін экологиялық және технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ведомство басшысы компанияның теңіз ортасын қорғауға бағытталған шешімдерді бірлесіп іске асыруға мүдделілігін білдіре отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай төгінділерін жою жөніндегі жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу саласындағы қызметін атап өтті.

Төтенше жағдай министрі Қазақстанда "Теңіз жасағы" жаңа мамандандырылған бөлімшесінің құрылатынын жариялады. Ол азаматтық қорғау және Каспийдегі төтенше жағдайларға ден қою саласындағы стратегиялық маңызды міндеттерді орындаумен айналысатын болады.

"Біз бұл жасақтың әлеуетін ашып, оны жоғары деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Оны заманауи материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтамасыз ету және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу басым міндет болып табылады. Біз Lamor Corporation сияқты жоғары технологиялық және кәсіби әлеуеті бар компаниялармен ынтымақтастыққа ашықпыз", – деп мәлімдеді министр.

Өз кезегінде "Lamor Corporation Plc" өкілдері өз жобаларын, жоспардағы бастамаларын таныстырып, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады, қазақстандық тараппен іс жүзінде өзара іс-қимылға дайын екендіктерін айтты.

Қазақстан тарапы Финляндияның төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығына, сондай-ақ теңіз акваториясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі финдік тәжірибесін зерделейтінін жеткізді.

Айта кетейік, "Lamor Corporation Plc" фин компаниясы мұнай мен мұнай өнімдерінің төгінділерін жою, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтар мен жарақтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу