"Маңғыстауда балық шаруашылығын дамыту өңірдің әлеуетті даму бағыттарының бірі. Аймақта балық өсірумен 3 кәсіпорын айналысады. Олар биыл 11 айда 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді. Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвестор тартылды. Бүгінде Каспийден балық аулайтын заманауи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алуды жоспарлап отырмыз. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделіп отыр", – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкім ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025-2027 жылдары құны 12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары бар.
"Оның ішінде ең ірісі "Organic fish" серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна, инвестициялық құны 7,4 млрд теңге. Аталған жобалар іске қосылғанда тұрақты жұмыс орындары ашылып, "Қазақстанда жасалған" деген отандық брендпен ел нарығын жергілікті өніммен қамтиды", – дейді облыс басшысы.