"Қазақфильмнің" филиалы – "Қасым хан" киножобасының" директоры К.С.Ахметов пен оның сыбайластарына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы монитрингі комитеті хабарлады.
Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті жүргізген. Тергеу барысында аталған азаматтардың бюджеттен 29,9 млн теңгені жымқырғаны анықталған. Қомақты қаражат тарихи сериалды түсіру кезінде жарылғыш заттар сатып алуға жұмсалуға тиіс еді.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер келтірілген шығынды толығымен өтеді",– дейді комитеттен.
Дегенмен сот басты айыпталушыға екі жыл кесті. Ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін "Қазақфильм" АҚ "Қасым хан" киножобасы" филиалының бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның екі сыбайласының 3 жылға дейін бас бостандығы шектелді. Бұл іске қатысты осы екі адам пробациялық бақылауға ілініп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекті өтеуге міндеттелді.
Бұл ретте киностудияның баспасөз қызметі қазір "Ұлы дала таңы" деген атаумен түсіріліп жатқан туындыға аталған жағдайдың еш қатысы жоқ екенін хабарлады.