Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева "Қазақфильмде" кино түсіруге бөлінген 400 миллион теңгені жымқыру ісіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, “Қасым Хан” кинотуындысына және басқа да бірнеше жобаға бөлінген қаржы ұрланған болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақфильм өзі зерттеулер жүргізді. Қазақфильмнің жаңадан келіп жатқан басшысы Азамат Сатыбалды өте белсенді жұмыс істеп жүрген азамат. Бұрынғы олқылықтардың барлығы қордаланбай, жаңадан жүйелі түрде жұмыс істеуі үшін зерттеу жұмыстарын жүргізген. Аудиттің қортындысы бойынша қаржылық жетіспеушіліктер болған. Сол прокуратураға берілді”, – деді Аида Балаева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Балаева бюджеттің 400 миллион теңгесі бірнеше жобаға бөлінген қаржы екенін айтты.
“Қазір бірнеше жоба. Мен білетін "Қасым Хан" деген кино. Одан да басқа болуы мүмкін. Оны бірінші құзыретті органдар анықтайды. Құзырлы органдар жан-жақты зерделеп, "шынымен де дұрыс емес, мынау қаржы дұрыс игерілмеген немесе жымқырылған" деген фактілер анықталғанда, арнайы ақпарат аласыздар”, – деді министр.
Министр бұл тек болжам екенін жеткізді. Ведомство басшысы көптеген мәселелерді дұрыс жолға қою үшін өзі де министрлікте кешенді аудит жасап жатқанын айтты.