Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдан бергі қолдауы үшін Сауд Арабиясына ризашылығын білдірді

1001

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестиция министрі Халид Әл-Фалихті қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдан бергі қолдауы үшін Сауд Арабиясына ризашылығын білдірді

Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халид Әл-Фалихтің сапары Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудимен телефон арқылы болған мазмұнды әңгімелесудің жалғасы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанға 30 жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін Сауд Арабиясына ризашылығын білдірді.

– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету және оның мәнін тереңдете түсу үшін көптеген мүмкіндік бар екеніне сенімдіміз. Осы орайда, тақ мұрагерімен телефон арқылы әңгімелесу кезінде болашақта қолға алынатын бірқатар жобаны талқыладық. Өзара іс-қимылдарымыз тереңдей түседі. Елімізге жасаған сапарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің қолдауыңызбен және менің әкімшілігімнің жұмыс жүргізуімен екіжақты байланыстарымызды шынайы ілгерілетеміз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. 

Өз кезегінде Халид Әл-Фалих Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың және Корольдіктің тақ мұрагерінің сәлемдерін жеткізді.

– Олар Қазақстанға одан әрі өркендеу мен игілік жолында қолдау көрсетуді жалғастыра беретіндерін нақтылады. Қазақстанның жүргізіп отырған реформалары мен Орталық Азиядағы көшбасшылығын, сонымен қатар 30 жыл бұрын таңдаған бірегей жолын жоғары бағалайды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті негізін қалаған сындарлы саясат өзіңіздің парасатты басшылығыңызбен жалғасып келеді, – деп атап өтті Сауд Арабиясының министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу