Президент: АДБ Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйды

905

Бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. 

Президент: АДБ Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйды

Қасым-Жомарт Тоқаев Масацугу Асакаваны қаржы институтының басшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, Азия даму банкінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды inbusiness.kz  Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

"27 жыл ішіндегі ынтымақтастық аясында Азия даму банкі Қазақстанның экономикасына 6 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Бұл қаржы айтарлықтай қомақты және ынтымақтастығымыздың табысты дамығанын айғақтайды. Арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді байланыстарды қолдауға ниеттіміз", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ кездесуде 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы серіктестіктің жаңа Стратегиясын әзірлеу мәселесіне ерекше мән берілді.

"Азия даму банкінің Қазақстанға қатысты жаңа Стратегиясында біздің ұлттық басымдықтарымыз бен жоспарларымыз, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, экономиканы әртараптандыру және жасыл экономикалық өсім, теңгерімді аумақтық даму, сауда-экономикалық ынтымақтастық, цифрландыру мәселелері толық ескерілетініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Азия даму банкінің басшысына еліміздегі ішкі жалпы өнім деңгейінің артқаны, инфляцияға қарсы қабылданған шаралар, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнеске көрсетіліп отырған қолдау шаралары туралы айтты.

Өз кезегінде Масацугу Асакава Қазақстандағы пандемияға қарсы қабылданған шараларға оң баға берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу