Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Жеңіс күнімен құттықтады. Құттықтау сөз Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
"Халқымыз Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді", – дей келе ел Президенті тылдағылардың орасан еңбегіне тоқталады.
"Тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында Қазақстан майдан даласына орасан зор көмек көрсетті. Соғыс жылдары елімізге жүздеген зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Майданға мыңдаған вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді", – дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев аға буынның теңдесіз ерлігін құрметтеуге шақырады.
"Барлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", – делінген Президенттің құттықтау сөзінде.