Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы қандастарға көмектесуді тапсырды

1273

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы қандастарға көмектесуді тапсырды

"Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені ерекше бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырма бердік", - деді Смадияров.

Оның айтуынша Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы тұрады.

Сондай-ақ ол кейбір отандық БАҚ Ауғанстанға қатысты тексерілмеген ақпарат таратқанын жеткізді.

"Кейбір қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты, ақпаратты мұқият қайта тексеруді және қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз", - деді ресми өкіл.

Айбек Смадияров СІМ ауған қазақтарымен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

"Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақпыз деп таныстыратын азаматтардың түрлі топтардың жүгіну жағдайлары жиілеп кетті. Алайда іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Олардың кейбіреулері қазақша сөйлей алмайды, сондай-ақ ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы да айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына көмек көрсету туралы барлық өтінішті мұқият тексереміз", - деп түйіндеді сөзін ресми өкіл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу