Сонымен қатар, сол сәтті пайдаланып барлық ауыл тұрғынына алғысын жаудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.
Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы "Таза Қазақстан" қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімнің ең басты міндеті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру екенін жеткізді. Әлбетте, ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейе түсері анық.
– Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғынына зор алғыс айтамын.
Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек, – деп сөзін қорытындылады ел Президенті.