Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтарды баспанамен қамту үшін қосымша шаралар қабылданады

1348

Президент Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтарды баспанамен қамту үшін қосымша шаралар қабылданады

Баспанамен қамту – бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдығы. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды", – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, бүгінгі күні "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" 1,5 млн есепшот ашылған. Әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған 526 мың адамның шамамен 200 мыңы банкте қаражат жинай бастады. Ұрпағының келешегіне бей-жай қарамайтын ата-аналар 180 мың баланың депозитін ашқан.

"Биыл аз қамтылған 4 мың отбасы жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен "Бақытты отбасы" бағдарламасының арқасында қоныс тойын тойлады. Бірақ, бұл әрине жеткіліксіз. Қазір өзін-өзі жұбататын уақыт емес. Баспанаға қатысты жағдайда түбегейлі өзгерту керек. Бұл мәселе біздің басты назарымызда бола береді. Баспанамен қамту - бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдығы. Сондықтан жақын арада қосымша шаралар қолданылатын болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет "Бақытты отбасы" бағдарламасын барлық кезекте тұрғандарға қолдану мәселесін пысықтап жатыр.

"Мен Үкіметке 2020 жылға дейін бұл бағдарламаны кеңейтуге тапсырма бердім. Басқа сөзбен айтар болсақ, біздің азаматтармыздың баспанамен қамтамасыз етілу проблемасына бірінші кезекте назар аударылады. Меніңше, бұл жұмыстардың ауылы алыс емес", – деді Қазақстан Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу